Жалпы білім беретін мектептердің білім алушыларының арасында ХХІІ республикалық Абай оқуларының қорытынды ақпараты

Ұлы ойшыл, қазақ әдебиетінің негізін салушы, теңдесі жоқ сөз зергері, сазгер, ағартушы Абай Құнанбаев - қазақ халқының ұлттық мақтанышы, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болып саналады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2021 жылғы 24-27 тамыз күндері аралығында  жалпы білім беретін мектептердің білім алушыларының арасында ХХІІ республикалық Абай оқуларын (бұдан әрі – Абай оқулары) өткізеді.

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Абай оқулары онлайн форматта өткізілмек.

Абай оқуларының негізгі мақсаты: қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық  талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Абай оқуларына облыстық кезеңнен жүлделі орын алған Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, республикалық білім ұйымдарынан, ДББҰ «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен» командалар қатысады. Әр командада 6 оқушыдан (әр номинацияға - 1 оқушы) және 1 жетекшіден болуы тиіс.

Абай оқуларының республикалық кезеңі 6 номинациядан тұрады:

1 номинация - «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы – Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы. (Қазылар алқасы бұл номинацияда оқушы жатқа білетін Абай шығармаларының санына байланысты бағалайды).

2 номинация - «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша Абайдың қара сөздерін жатқа, мәнерлеп оқу. Бұл номинация бойынша Абайдың қарасөздерін толық білуі бойынша бағаланады.

3 номинация - «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясы бойынша Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу.  Бұл номинация бойынша шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлеп айтуы, толық білуі бойынша бағаланады.

4 номинация - «Көңілім әнді ұғады» номинациясы – оқушының Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау шеберлігі бағаланады.

5 номинация - «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»  номинациясы –оқушылардың өз шығармалары (поэзиялық) бағаланады.

6 номинация - «Ұлылар әлемі» Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына, рухани болмысына қатысты тақырыпқа (ұсынылған тақырыптардан таңдау) эссе жазу.

Абай оқулары қашықтықтан онлайн форматта Exam.net және Zoom платформаларының көмегімен ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, қатысушы командаларды (6 оқушыны) дарынды балалармен жұмыс жөніндегі аймақтық орталықтарға жинау қажет.

Абай оқуларына қатысу үшін техникалық талаптар:

  • үздіксіз жоғары жылдамдықты интернетке ие компьютердің болуы (2 Мбит / с төмен емес);
  • қатысушының кабинетінде орнатылған немесе сыртқы бейнекамераның болуы;
  • барлық қатысушылардың компьютерлерінде Zoom платформасының орнатылуы.
  • микрофонның болуы;

Абай оқуларының ашылу салтанаты 2021 жылғы 24 тамыз күні сағат 11:00 де, жабылуы 27 тамыз күні сағат 17.00 де онлайн форматта өтеді.

Абай оқуларына қатысушыларды тіркеу үшін 2021 жылғы 18 тамызға дейін Google forms платформасында кестені толтыруларыңызды сұраймыз, сондай-ақ марапаттау рәсімі үшін қатысушының 9х12 мөлшерде (биіктігі – 120 мм, ені – 90 мм) суреті қажет, суреттегі артқы фонның түсі ақ болуы және артық заттың болмауы керек. (Суретті m.bidauletova@daryn.kz почтасына жіберу қажет).

Абай оқуларының ережесі www.daryn.kz сайтында орналасқан.

Абай оқуларының бағдарламасы, нұсқаулығы, сілтемесі қосымша берілетін болады.