165 АУЫЛ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ АУЫЛ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ АТАНДЫ

Бүгін, 25 қаңтарда, Астанада қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті.

🥇🥈🥉Қорытынды кезеңге барлығы 500-ге жуық оқушы қатысты. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада еліміздің шалғай жерлерінен келген 165 бала жүлдегер атанды. Олар 83 қола, 49 күміс және 33 алтын жүлдені жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев марапаттады.

«Бүгін біз қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша жеңіске жеткен ауыл мектептерінің үздік оқушыларын марапаттап жатырмыз. Олардың барлығы аймақтық іріктеу турларынан өтіп, республикалық олимпиадада жеңіске жетті және өздерінің терең білімдері мен тамаша дайындықтарын көрсете білді. Сіздерге жеңістер мен жаңа мақсаттарға қол жеткізуде табандылық тілеймін», – деді өз құттықтауында Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Айта кетсек, олимпиаданың республикалық кезеңінде ауыл мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндерінен сынға түсті.

🏆«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен Маңғыстау облысының командасы марапатталды. Екінші дәрежелі орынды Түркістан және Жетісу облыстарының командалары жеңіп алды. Үшінші дәрежелі дипломдарды Алматы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан командалары иеленді.

«2023 жылдың қараша айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталған болатын. Мақсаты – ауылдың дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтау және нығайту. Олимпиада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың 13 пәні бойынша үш кезеңде өтті. Бастапқы кезеңге 80 мыңға жуық оқушы қатысты. Екінші кезеңде 25 мыңнан астам мектеп оқушылары жарысты. Олимпиаданың қорытынды кезеңіне 1088 оқушы жолдама алса, оның 476-сы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша», – деп айтты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

💠Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 31 ректорлық гранты табысталды.

«Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада – бұл ауылдық жерлердегі дарынды оқушыларды анықтауға көмектесетін және олардың зерделі әлеуетін іске асыруға қолдау білдіретін бірегей жоба. Алғаш рет өткізілсе де, байқау еліміздің 80 мыңнан астам оқушысына олимпиадалық қозғалысқа қатысуға мүмкіндік берді», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті бойынша қазылар алқасының төрағасы Шоқан Амангелдіұлы Шортанбай.

Сонымен қатар, республикалық кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

Естеріңізге салсақ, 14-18 қаңтарда Астана қаласында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математика бағыты бойынша қорытынды кезеңі өткен болатын. Оған 600-ден астам оқушы қатысып, 170 оқушы жеңімпаз атанған еді.

Іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.