АСТАНАДА БИОЛОГИЯДАН ЕҢ БЕДЕЛДІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА IBO – 2024 ӨТЕДІ

✅Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Астанада биологиядан ең беделді халықаралық олимпиада өтеді IBO – 2024» тақырыбымен брифинг өтті.

2024 жылғы 7-14 шілде аралығында Үкіметтің қолдауымен Астана қаласында биологиядан 35-ші халықаралық олимпиада өтеді.

Олимпиада Назарбаев университетінің базасында ұйымдастырылады. Оған әлемнің 80 елінен 330-ға жуық оқушы қатысады. Қазақстанның мұндай беделді олимпиаданы өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Бұған қазақстандық оқушылардың халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетуінің арқасында еліміздің зор беделге ие болуы себеп болды.

💬«Біздің еліміздің беделді әлемдік пәндік олимпиадаларды ұйымдастыруда және өткізуде тәжірибесі бар. Мәселен, 2010 жылы 51-ші Математикадан халықаралық олимпиада, 2014 жылы 45-ші Физикадан халықаралық олимпиада, 2015 жылы Информатикадан халықаралық олимпиада Қазақстанда өткен болатын», – деп атап көрсетті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Биологиядан Халықаралық олимпиада (IBO) басқа пәндік олимпиадаларға қарағанда салыстырмалы түрде жас жарыс. Бірінші рет IBO Чехияда 6 елдің қатысуымен өткен болатын. Содан бері қатысушылардың географиясы әртүрлі континенттердегі 80-нен астам елге кеңейді. Бұл әлемде жоғары сынып оқушыларының биология пәніне қызығушылығы мен дайындық деңгейінің өсуін байқатады.

🏆Қазақстандық мектеп оқушылары биологиядан халықаралық олимпиадада ел намысын 1996 жылдан бері қорғап келеді. Осы мерзімде олар 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль және 14 грамота жеңіп алды.

💬«Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге дайындық өткен жылдан бері бастау алды. Үкіметтің бұйрығын негізге ала отырып, онда Денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, сыртқы және ішкі істер салалық министрліктері жұмылдырылды. Олимпиадаға қатысушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етумен қатар, біздің міндетіміз барлық белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық жарысты сапалы өткізу болып табылады», – дейді олимпиаданың ұйымдастырылуы туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

🌿Халықаралық олимпиада аясында қатысушыларды Астана мен Бурабайдың көрікті жерлері бойынша қызықты экскурсиялар, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру жоспарланған.

🧫Сонымен қатар, олимпиада барысында қазақстандық педагогтер үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен шеберлік сыныптары, биологиядан олимпиадалық есептерді шешу бойынша оқыту семинарлары және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі.

🧩Жалпы, олимпиада тек білім саласында бәсекелес ортаны құруға ғана емес, көпмәдениетті атмосфераны қалыптастыруға бағытталған.