Астана және Өскемен қалаларында 10-11(12) сынып оқушылары арасында Қазақстан тарихы, құқық негіздері, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, неміс тілі және француз тілі пәндері бойынша республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Олимпиада дәстүрлі форматта екі кезең бойынша өтті. Тапсырмалар тест, жазбаша және ауызша турларды қамтыды. Білім додасына әр өңірден жиналған 523 оқушы қатысты. Олар 234 жүлдені сарапқа салып, 121 қола, 70 күміс және 43 алтын медальға ие болды.
Марапаттау рәсіміне жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, республикалық және облыстық «Дарын» орталықтарының, облыстық білім басқармаларының басшылары мен орынбасарлары, мектеп ұжымдары қатысты.
Шығыс Қазақстан білім басқармасының басшысы Иннеса Александровна Чернышева қатысушыларды құттықтады.
«Құрметті Республикалық олимпиаданың қатысушылары мен жеңімпаздары! Сіздерді тамаша жетістіктеріңізбен құттықтаймыз! Сіздердің тарих және құқық саласындағы білімдеріңіз бен дағдыларыңыз жоғары бағаға лайық. Біз сіздердің табыстарыңызды мақтан тұтамыз және қоғамымыздың дамуына елеулі үлес қосуға қабілетті өскелең ұрпақтың жарқын өкілдері болатындарыңызға сенімдіміз. Сіздерге білім мен кәсіби жолда сәттілік пен шабыт тілейміз!». – деді Инесса Александровна.
Астана қаласында қатысушылар алдында «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов сөйледі.
«Құрметті олимпиадаға қатысушылар мен қонақтар! Біз бүгін осы орта білім саласындағы маңызды оқиғаның бірі республикалық олимпиаданың қорытындысын білуге жиналып отырмыз. Олимпиада – сіздің біліміңіз бен зердеңізді сынау ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі дамыту, тәжірибе алмасу және жаңа таныстар табу мүмкіндігі. Сіздер білімге деген адалдықтарыңызды дәлелдеп қана қоймай, жақсы нәтижеге ұмтыла алатыныңыздарды көрсете білдіңіздер. Сіздерді марапаттарыңызбен құттықтаймын және алдағы уақытта жарқын жеңістер тілеймін!». – деді өз сөзінде Ғаждембек Тұрсынов.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес биылғы жылы олимпиада еліміздің алты өңірінде өткенін атап өтті. Үш қалада (Қостанай, Өскемен, Астана) ұйымдастырылған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиадаға 707 оқушы жиналды.
Республикалық қоғамдық-гуманитарлық олимпиаданың жалпы қорытындысы бойынша «Олимпиадаға ең жас қатысушы» дипломы Ғабиден Сабырғалиға (8-сынып оқушысы, Жамбыл облысы) берілді. «Үздік ауыл оқушысы» номинациясы бойынша тұңғыщ республикалық ауыл олимпиадасының жеңімпаздары, бүгінгі күні қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды. Олар: Донаханым Азиева, Сарвиноз Убайдуллаева және Жасмина Мұхитдинова (Түркістан облысы), Юлия Германова (Абай облысы), Мадияр Едіге (Ақтөбе облысы), Нұрсауле Жүсіп (Маңғыстау облысы), Аруна Зайдуллина (Батыс Қазақстан облысы), Анастасия Иванова және Гульназ Олжабаева (Жетісу облысы), Мөлдір Мұса (Атырау облысы), Мақсат Өмірболатов (Солтүстік Қазақстан облысы), Нұржан Орымбет (Қызылорда облысы), Милана Фурсова және Айша Бекмұханбет (Алматы облысы).
Ағылшын тілі пәнінен үшінші орын иегері жетісулық оқушы Сағадат Құдайберген өз ойын білдірді.
«Биылғы өтіп жатқан Республикалық олимпиадаға қатысып үшінші орын алдым. Біраз уақыт еңбектендім, дегенмен еңбегімнің жемісі осы болып отыр. Келесі жылы бұдан да жақсы нәтижелерге жететініме сенемін. Және сіздерге де келесі болатын республикалық олимпиадада бірінші орын алатыныма уәде беремін. Басқада оқушыларға сәттілік тілей отыра, Қазақстанымыздың жарқын болашағына сенімді болу үшін, оларға көп білім алып, еңбек етулерін тілеймін» - деді ол.
«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша үшінші орын Жетісу, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының командаларына берілді. Екінші орынды Атырау және Түркістан облыстарының командалары өзара бөлісті. Бірінші орынды Астана мен Алматы қалаларының, Қостанай және Павлодар облыстарының командалары жеңіп алды. Гран-при иегері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» командасы болды.
Орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиаданың қазылар алқасының төрайымы Сәуле Жүнісқызы Әбішева да қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтып, құттықтау сөз сөйледі.
«Олимпиаданың сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Барлық қатысушыларға еңбекқорлығы мен күш-жігері, тапсырмаларды шешудегі шығармашылық көзқарасы мен шабыты үшін алғыс айтқым келеді. Осы олимпиадада алған тәжірибе алдағы жетістіктер мен кәсіби өсудің сенімді іргетасы болсын», – деді Сәуле Жүнісқызы Әбішева.
Жас дарындарға Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің алты білім гранты табысталды.
Сондай-ақ, «Дарын» орталығының ашылған күнінен 25 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман Сара Ешмұхамбетқызы Құдабаева «Еңбек ардагері» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Ұйымдастырушылар барша қатысушыларды олимпиаданың аяқталуымен құттықтайды және мұғалімдерге, жаттықтырушылар мен ата-аналарға алғыс білдіреді. Бүгінгі жетістік – біздің ортақ жетістігіміз.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы және «Шығыс дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығы.